Қостанайда білім қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың жағымды өзгерістері мен шарттары жөнінде сөз қозғап, білім беру саласын жетілдіруде нақты мақсаттарды анықтады. Шаһар басшысының қатысуымен өткен салтанатты жиында сала үздіктері марапатталды.
Жиналғандар әуелі мектеп оқушылары жасаған қолөнер бұйымдары мен ғылыми зерттеу жұмыстары негізінде жетістікке жетіп жүрген мекемелердің жасаған макеттер көрмесін тамашалады. Әрі қарай педагогтар конференцияның ашылуын мемлекеттік әнұранмен бастады.
Алғашқы сөз қала басшысы Базыл Жақыповқа берілді. Ол Елбасының ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын, биылғы Жолдауының және мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуында білім беру ұйымдары маңызды рөл атқаратынына тоқталып өтті. Сонымен қатар, педагог қызметкерлердің алдына бала білімін арттыруға қатысты тиісті міндеттерді қойды.
Жиынға Қостанай облыстық білім басқарамасы басшасының кеңесшісі Римма Бектұрғанова қатысты. Ол өз баяндамасында:
– КВН, дебат, өзін-өзі басқару комитеттері және тағы басқа бастамалар Қостанай қаласында жақсы дамыған. Елордамызда Ақордада Қазақстанның көрнекті өкілдерінің суреттері қойылған галерея бар. Солардың қатарына жерлестеріміз Ы.Алтынсарин,
А.Байтұрсынов, Ш.Уалиханов, М.Дулатовтың да портреттері қойылған. Бұл зиялы азаматтар біздің мақтаныштарымыз. Қазіргі оқушы оларды оқып, саналарында сақтап өтулері керек. Бұл әрине мұғалімнің еншісіндегі дүние. Әрбір бала өз елінің тарихын, мәдениетін, көрнекті өкілдерін білулері шарт. Сонымен қатар, олар қаламыздың тарихы мен мәдениетінен де хабардар болулары керек, – деді.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Данагүл Сүйіндікова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өзінің бағдарламалық мақаласында Президент: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек», – деп айтады. Ал жаңарту білім беруден басталады» деп бастаған баяндамасында қаладағы білім берудің жетістіктері мен кемшіліктеріне кеңінен тоқталып кетті.
Конференцияда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының психология-педагогика факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Наз­гүл Айдыналиева «Туған жер – Мәңгілік ел» аясындағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру», М.Горький атындағы гимназия директоры Ирина Шушпанова «Қазақстанның білім беру жүйе­сін жаңарту басымдығы ретінде оқушының білім сапасын көтеру», №54 бөбекжай-бақшасының директоры Гүлжан Искакова «Қостанай қаласының білім беру кеңістігінде ерекше білімді қажет ететін балаларға кедергісіз ортаны құру», «Болашақ инженерлері» жобасының жетекшісі Әділ Нысанов «Білім моделін жаңғырту жағдайындағы оқушылардың кәсіби бағдары» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.
Биыл ҰБТ жаңартылған форматта өтті. Одан қала бойынша 166 оқушы 100 балдан жоғары алса, 11 бала 50 балдан төмен алған. Бұл мектептердің басшылығы мен педагогтарына білім беру қыз­меттерін қолға нық алу керектігін
Д.Жаппасбайқызы ескертті.
Ауыз толтырып айтар жетістіктер өте көп. Мәселен, жалпы білім беретін пәндер бойынша респуб­ликалық олимпиадаларда қала-
мыздың қоржынына 2 алтын, 4 күміс, 11 қола түссе, республикалық ғылыми жоба байқауларында 4 алтын, 1 күміс, 6 қола жеңіп алынды. 2017-2022 жылдар аралағында мектептерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы аясында
түрлі іс-шаралар жүргізілмек.
Жиында «Облыс әкімінің мадақтамасымен» М.Горький атындағы гимназия директоры Ирина Шушпанова және №54 бөбекжай-бақшасының директоры Гүлжан Искакова марапатталды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мадақтамасымен №1 МЛ биология мұғалімі Ирина Кириченко, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен №115 ОМ директоры Жанторе Искаков, №14 НМ мұғалім-логопеді Ирина Чебейко маратталды.
Қостанай облысы білім беру ұйымдарының рейтингтік бағасы бойынша «Күнделік журналын енгізудегі үздік білім беру ұйымы» және «Қазақстандық интернет-олимпиадаларға қатысқан үздік білім беру ұйымы» номинацияларына №18 МГ, «Үздік эксперименттік пилоттық мектебі» және «3 жыл бойы білім беруде жақсы нәтижелер көрсеткен білім беру ұйымы» номинацияларына №10 ОМ ие болып, 5 интерактивтік жабдықтар жиынтығын алды.
«Үздік мектепке дейінгі білім беру ұйымы» №9 б/б, «Үздік бастауыш білім беру ұйымы» №5А МГ материалды-техникалық базасын күшейтуге 800 000, «Үздік жалпы және орта білім беру ұйымы» №23 ОМ, «Үздік аралас мектебі» №1 МЛ, «Үздік инновациялық мектебі» М.Горький атындағы гимназияға 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
«Үздік жазғы демалыс» номинациясына №115 мектеп ие болып, спорттық жабдықтарды алуға 700 000 теңгемен сертификатталды.
Конференцияда қала әкімінің мадақтамасымен 13 педагог, білім басқармасының мақтау қағазымен 7 мұғалім марапатталды.
Жиын соңында мектепке енді ғана қызметке тұрған жас мамандар құттықталып, оқушылар гүл шоқтарын табыстады.

Айзат АСЫЛБЕК
Қостанай

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ