Үй тапсырмасы қысқармақ

IMG_6353Қазақстан мектептерінің тарихында алғаш рет бейінді ведомстволық деңгейде еліміздің оқушыларының үй тапсырмасын мөлшерлеу әдістемесін қамтитын құжат қабылданды. Бұл туралы жақында өңірімізге ат басын бұрған ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып өтті.
Оқушылар үй тапсырмасын орындауға тым көп уақыт бөлетіні жасырын емес. Балалардың білім алудағы жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық зерттеулер бағдарламасының қорытындыларына сүйенсек, мемлекетіміздің оқушылары үй тапсырмаларын орындауға шектен тыс уақыт жұмсайтынын аңғарамыз, яғни, 65 мемлекеттің арасында 4-ші орын.
Сонымен қатар, үй тапсырмаларын орындау барысында ұл-қыз­дар ата-аналарының көмегіне жиі жүгінеді. Ата-аналар тарапынан оқушыларға берілетін үй тапсыр­малары көлемінің аса үлкендігі мәселесі бірнеше рет көтерілген.
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында үштілділікті сабаққа енгізуді міндеттеді. Осыған орай 1-ші сынып оқушылары жаңартылған білім бағдарламасымен оқып жатыр.
Бұл мәселе әрине, қала мектептерінде еш қиындық туғызбайтыны анық. Алайда, ауыл тұрғындары балаларының үй тапсырмасын орындауда кедергілерге тап болатыны айқын. Осы жөнінде Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылының тұрғыны Нұргүл Шайхыстанованың пікірін білген едім. Ол бізге өз сөзінде:
– Қызым Айзере 1-ші сыныпта оқиды. Олардың оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп, үш тілде білім алуда. Үй тапсырмасын жасауда біраз қиналатынымыз рас. Ауылда тұрғандықтан балаларымызды тіл үйрену курс­тарына бере алмаймыз. Жаңалықтардан үй тапсырмасына өзгерістер енгізіліп, қысқартылады дегенді естігенде қуандық. Себебі, уақыттың барлығы соларды орындауға кететін еді, – деді.
Қостанай қаласы Сырбай Мау­ленов атындағы гимназия директоры Бекежан Көшмырзин оқушыларға берілетін тапсырмалар мектепте жасалған тапсырмаларға ұқсас берілетін айтты. Бұл балалар үй тапсырмасын қиналмай орындай алады деген сөз.
Сонымен үй тапсырмаларына 2-ші сынып оқушыларына 50 минут, 3-4 сыныптарға 70 минут, 5-6 сыныптарға 90 минут, 7-9 сынып оқушыларына 110 минут және 10-11 сыныптарға 130 минут берілетін болды. Ал, 1-ші сыныптарға тапсырма мүлдем берілмейді. Үй тапсырмаларының көлемі биылғы қыркүйекте енгізілмек.

Айзат АСҚАРҚЫЗЫ

Выпуск №