Халыққа білім беру саласында ұзақ жыл еңбек еткен, жаратылысы – басқалардан ерекшелеу, жиылыс-басқосуларда сөз бастайтын, әсіресе, сан алуан спорттық жарыс-жиындардың үнемі басы-қасында басшылық-төрелік жасап жүретін Төлегенов Ағыбай Әбдікәрімұлы (суретте) жаны жайсаң кісі.
Ол да бала болып асық ойнады, жалаңаяқ «Жалдама» өзенінің бойында балық аулап, доп тепті, қыста аяғына коньки-шаңғы байлап, доптаяқ ойнады. Бой-басын, денесін шынықтырып, боз­бала кезінен спортқа жақындай түсті. Әскери міндетін өтеуге барған Қарағанды жерінде спорт ротасында қызмет етіп, волейбол-баскетбол, қол добы, күрес түрлерінен талай-талай өз әскери бөлімінің спорт намысын қорғаған. Әскери қызметтен соң сырттай оқып, Қарағанды университетінің тарих факультетін бітірді. Білімі мен білдігі терең тарихшы-ұстаз атанды. Ата-анасынан жастай айырылған Ағыбайдың азамат болып қалыптасуына жездесі Біркеннің қамқорлығы мен туған апасы – бұрынғы сот саласының қызметкері – Сақыпжамал Бәйділдақызының қатаң тәртіптік ықпалы, Әлима әжейдің аялы алақанының себеп болғанын ауданның байырғы тұрғындары жақсы біледі.
Сондықтан да Ағыбай жігіт кезінен-ақ қатар жолдас-жораларын, өзінен кейінгі жерлес іні-қарындастарын қатты сыйлап, орынды қарым-қатынасты мықты ұстанды. Жұмыста талапшыл, тәртіптілікті сүйеді. Ұжым алдындағы жауапты міндеттерді орындау талаптарына қатаң қарады. Ол ғадет, әдіс-тәсілін – Хамит Кәмалиұлы Досжановтың ауданымыздағы №154-кәсіптік-техникалық училищенің директорлығы кезінде оқу орны басшысының тәрбие істері жөніндегі орынбасары болып қызмет істегенінде үнемі байқатты. Жасыратыны жоқ, 60-70 жылдары ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін жұмысшы-механизаторлар дайындайтын «механизация мектебі» атанған оқу орнына аудан мектептері 7-8 сыныпты нашарлау бітірген, оқу үлгірімдері мен «тәртіптері төмендеу», жасы есейіңкіреп – «жігіт болып қалған» ер балаларды жіберетін. Оқытушы-ұстаз деген мамандық иелерінің кереметтігі сол – сондай талай жігіттерді мүмкіндіктерінше уақыт-заман талабына сай тәрбиелеп, ой-сана, сезім сұраныс­тары мен жүректеріне жол тауып, өз істерін сүйетін маман-азаматтар етіп шығарғанын айтсаңызшы?! Кейін сол училищені бітірген көптеген азаматтар әртүрлі саланың еңбек озаттары болып шықты.
Ол жолда небір қиындықтардың да басы қайтарылған сәттер болды. Уақыт өте келе, училище кеңестік саясат-үрдістің мақсатына орай ау-
ыл шаруашылығы мамандарынан да басқа халық шаруашылығының түрлі мамандарын оқытып-тәрбие­леу ісін игерді. Көршілес Жанкелдин, Арқалық, Амантоғай, Нау-
ырзым аудандарынан келіп оқыған жастар арқылы сол өңірлерге ауданымыздың жақсы-жақсы мәдени-
экономикалық мәлімет-деректерінің таралуына, көптеген игілікті қарым-қатынастық істерге жол ашылды.
Училище Торғай облысында өзінің негізгі, басты көрсеткіштері бойынша, Есіл ауданының училищесінен кейін, ыңғайда жүлделі екінші орынды иеленіп жүрді. Училище ұжымының екі жыл қатарынан «Ауылда тұрады екенсің – техника тілін меңгер!» рес­публикалық жастар қозғалысына сәйкес комсомолдың Орталық Комитетінің жоғары дәрежелі жүлделеріне екі мәрте ие болғанын – өмірі селолық кәсіптік-техникалық оқу орынымен тікелей байланысты жастарымыз бен олардың ата-аналары, замандастары аудан музейіндегі мұрағаттардан көріп, бір рухтанып қалатын. Міне, осындай беделді, кең профильді техникалық-педагогикалық ұжымда шыңдалған Ағыбай Әбдікәрімұлы 80-жылдардың бас кезінде Торғай облыстық Кеңесіне депутат болып сайланды, көп ұзамай тыңнан ашылған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ағыбай енді тәртіп сақтау қызметкерлері мен мамандарын саяси-саналы жағынан тәрбиелеу ісіне атсалысты. Полиция қызметкерлеріне деген 37-38 жылдардан жергілікті халықтың «аузы күйіп, қызыл жағалылар» – деп қалыптасып қалған, ел әлде де сенімсіздеу қарайтын тәртіп сақшыларының абырой-беделін көтеру және оны халық арасында кеңінен қалыптастыру ісін жолға қойды. Аудандық органда тәртіп қорғаушылардың үлгілі жаңа легі іріктеліп, тәжірибесі шыңдалған, іскер тобы қалыптаса бастады. Әрбір шаруашылыққа дербес учаскелік қызметкер штатының берілуіне қол жеткізілді, оларға өз міндеттерін толық орындау үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалды. Барлық жерде олардың тірек пункттері жабдықталып, қоғамдық ұйымдармен және қалың бұқарамен байланысы нығайтылды.
Аудандық ішкі істер бөлімінің сол кездегі бастығы, қазір де ішкі істердің запастағы полковнигі С.Керейбаевтың аудандық Кеңестің сессиясында: «Ішкі істер бөлімінің саяси-тәрбие жұмыс­тарының жетекшілігіне педагог-депутат – полиция капитаны Ағыбай Төлегенов жолдастың келуі – аталған тың салаға жаңа стиль, мазмұны мүлде басқа, жаңа талап пен көңіл үдесінен
шыққан тәртіпті ала келгенін жасырмай айтуға тиіспін!» – дегені бар еді.
Ағыбай Әбдікәрімұлының еңбек жолының айтулы белестері – білім беру саласына тән. Мектеп инспекторының ұзақ жылғы лауазымдық міндетін білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық ұйымының төрағалығымен тең үйлесімді, қоса атқарғаны аудан білім беру саласы қызметкерлерінің жылнамасында қанағаттанғандық дәрежеде жазылып қалғанын өзі де үлкен мақтанышпен еске алады. Ұзақ жылғы, жемісті педагогтік қызметі лайықты бағаланып, Ағыбай Әбдікәрімұлы Республика Білім беру ісінің озық қызметкері және ҚР Білім беру министрлігінің құрметті қызметкері төсбелгілерімен марапатталды. Ағыбайға және оның бүгінгі ұрпақтарының педагогтік білім алып, халық ағарту саласында еңбек етулері өмір-тірлік дәстүрлеріне – жарасымды, өте үйлесімді дер едім. Ағыбайдың жұбайы, ұстаз-ана Күләйша Аюбекқызының көп жылғы мұғалімдік қызметі, үлкен ұлдары Бағдаттың Әнуар Боранбаев атындағы орта мектептің директоры болып қызмет істеп жүргені, өткен жылы тұңғыш немерелері Айзаттың Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын табысты аяқтауы, Әлішердің орта мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Алматы қаласындағы Ұлттық политехникалық университетінің студенті атануы, осы таяуда ғана кеншілер қаласы – Рудныйда өткен облыстық оқушылар көркемөнерпаздар фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған жас қобызшы, оқу озаты Мереке Бағдатқызының табыстары да – ағартушы аталарының жолын қуғандығына нақты мысал болса керек! «Ақырын жүріп, анық басқан» – деп, қазақ атам осындай жігіттерді айтпай ма?! Оза шауып, төске өрлемей-ақ, қолына берген кез келген қызметті абыроймен атқарып, құрметті зейнетке бөленген, балаларын өсіріп-тәрбиелеп, ер жеткізіп, білім алып берген, енді оларды елге қызмет жасауға қосып отырған, бүгінде шыңдалудың шынар басында, 70 деген жастың – төрінде, ұрпақтарының қызық-қуанышын, рақатын көріп отырған ел ағаларының бірі – Ағыбай ақсақалымыз.

Әбдіқадыр ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,
зейнеткер замандасы
Амангелді ауданы

Выпуск №
Рубрика: Тағылым