Алаңқайдағы кітапхана

Кітапханалар қоғамда болып жатқан өзгерістерден тыс қалмай, оны оқырман қауымға жеткізу үшін жұмыс жасап қана қоймай, әртүрлі бағытта қызмет атқара білуі де қажет.
Балалар мен жастарды кітап оқуға тарту әсіресе, жаз мезгілінде балалардың бос уақытында кітап оқуын ұйымдастыру – кітапханашының басты міндеті. Амангелді ауданындағы Үрпек ауылында алаңқайдағы кітапхана әлемі әкімшілік және ауыл клубының алаңында өткізілді. Кез келген өтіп бара жатқан адам ешқандай ережесіз кітапхана алаңына саяхат жасай алады. Осы мақсатта ауыл балалары кітапхана әлеміне саяхат жасап, оған келіп түскен жаңа әдебиеттермен танысып, өздеріне ұнаған кітаптарын тапжылмастан бірнеше сағат бойы отырып оқып, рухани азық ала алады.
Үрпек ауылдық округінің кітапханашысы Нұржанова Майраш Тұрғынбайқызы осы шара жөнінде бізге былай деді:
– Биыл кітапхана директоры Көркем Амантайқызы руханият ордасының балалар кітабының аздығы жөнінде, алдағы уақытта олар балалар кітаптарымен толығатынын, тапсырыс берілгендігін, атап өткен болатын. Ауылдық кітапханасы осы шілде айынан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі кітаптармен қамтылды. Ақын, жазушы, педагог-ғалым Т.Әбдібайдың «Айналайын балалар», «Мектеп сахнасы», ертегілер, жұмбақтар, скетчтер, интермедиялар топтастырылған бірнеше томдары, балдырғандарды халық ауыз әдебиетімен сусындатып, олардың ой-өрісін, танымдық қабілетін дамытатын, суреттері, мұқабасы тартымды әртүрлі тақырыптағы ертегілер, әліппе әңгімелер, жыл мезгілдері атаулары, қазақ ертегілері «Алтын сақа», «Түймеқыз», «Алдаркөсе» хикаялары балалардың қызығып оқитын, сүйікті кітаптары ұсынылды.
Күн сайын кішкентай оқырмандарға, ауылға келген қонақ балаларға толы, арнайы үлкен  оқу залы болмаса да, балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, кітап оқуына еш кедергі жоқ. Енді бұл іс шара алдағы уақытта ересек оқырмандар кітаптарымен де өткізілмек.

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ