Атқарылар жұмыстар ауқымда

Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымның жетінші кезекті сессиясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелеріне, халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеру мақсатында қандай жұмыс­тардың атқарылып жатқандығы туралы баяндады.
Мәслихат депутаттары алдында есеп берген облыс әкімі Архимед Бегежанұлының айтуынша, біздің өңірде де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын іске асыру аясында біраз жұмыстар қолға алынуда.
Бәрімізге белгілі, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын. Осы тұрғыда мен қала, аудан әкімдерімен жиналыс өткізіп, өңірдегі қасиетті жерлер картасына енгізуге ұсынылған жерлердің барлығын күрделі жөндеуден өткізу, абаттандыру, жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар бердім. Қазіргі уақытта облыс бойынша 30 нысанның тізімі жасалды, оның 9-ы республикалық, 21-і өңірлік. Бұл нысандар қасиетті жерлер картасына енгізуге ұсынылады. Тізбенің түпкілікті нұсқасы Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы ұйымдас­тырған «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу экспедициясы жұмысының қорытындылары бойынша айқындалады, – дейді облыс әкімі А.Мұхамбетов. Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірде тарихи тұлғаларды мәңгі есте сақтау мақсатында да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Аманкелді ауданында Кейкі батырдың жаңа кесенесінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы қыркүйекте батырдың сүйегін жерлеу бойынша республикалық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Қостанай ауданында Ы.Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Ал, жақын күндері облыс орталығында батыр Шақшақ Жәнібектің ескерткіші ашылмақ.

Айзат АСЫЛБЕК

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ