Атқарылар жұмыстар ауқымды

Таяуда облыстық білім басқармасының ұйымдас­тыруымен Қостанай қаласындағы №10 орта мектебінде Рес­публикалық тамыз кеңесінің 2-ші сыныптарға арналған секциялық жұмысы болып өтті. Оған облыс оқу ошақтарынан барлығы 400 мұғалім қатысты.
Бүгінгі таңда елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», – деген болатын. Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйе­сінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті.
Семинарда Алматы қаласынан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламаларының орталығының аға менеджері Жанат Қажығалиева және Қостанай облысы бойынша Педагогикалық шеберлік орталығының басшысы Елена Онищенко жиналған ұстаздарға білім беру үдерісінің жаңартылуы жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Жоғарыда аталған оқу ошағы 30 пилоттық мектепті сынақтан өткізілгендердің қатарында бар. Сол себепті де бұл ауқымды семинардың мұнда болып жатқаны тегін емес. Семинар аяқталған соң мұғалімдер жаңартылған біліммен жұмыс істеген ұстаздардың шебер сыныбына қатысты.
Шебер сыныпты орысша Свердлов орта мектебінің, қазақша №10 ОМ бастауыш сынып мұғалімдері Торғын Ибрагимова, Зибагүл Бексұлтанова, Толқын Нұржанова және ПШО тренерлері Балқадиша Ардабаваева, Арилана Мырзағалиева өткізді. Ұстаздарға арналған ақпараттарды педагогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев Зияткерлік және №10 мектептері бірлесе дайындаған.
НЗМ білім беру бағдарламаларының орталығының аға менеджері Жанат Қажығалиева бізге өз сөзінде былай деді:
– Биылдан бастап Қазақстанның барлық мектептерінің 1-2 және 5-7 сыныптарының оқушылары жаңартылған бағдарлама бойынша оқытылатын болады. Жалпы, жаңартылған білімге көшу дәстүрлі білім мазмұнынан бас тартамыз деген сөз емес. Мұны қазір дұрыс түсінбей жүргендер де бар. Жаңартылған білімнің арқасында мұғалім мен баланың арақатынасы өзгереді. Оқушының ойлау қабілеті артып, сабаққа деген ынтасы кеңейеді. 2011 жылдан бастап елеміздің оқу ошақтарының әр бесінші мұғалімі деңгейлік курстан өтті. Ол әлі де өз жалғасын табады.

Айзат Асылбек
Қостанай

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ