Достықты паш етті

Роза2 (1)Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде, Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығында Бірлік күніне орай «Мемлекеттік тіл – жанұяда» атты шара ұйымдастырылды.

Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы – қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы. Осы орайда, Бірлік күнін дәріптеуді мақсат тұтқан аталмыш орталық өзге ұлт өкілдерінің достығын паш етті.

Тағылымды шара Қазақстан Республикасының салтанатты Әнұранынан бастау алды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Шараға қазақ, орыс, өзбек, татар ұлтының өкілдері атсалысты. «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде қатысушылар өздерін мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде таныстыру барысында татар Игорь Руковтың отбасы тілді жетік меңгеруімен ерекше көзге түссе, «Тілмаш» кезеңінде қатысушылардың мемлекеттік тілдегі сөздік қорлары сыналды. Бұл тұста қатысушылар ортаға тасталған 10 мақал-мәтелді үш тілде шебер аударып, ынтымақпен жұмыс жасады. Тапсырма орындау барысында әп-сәтте киіз үй құрылып, ағаш тамырын жайып, күн көзі жарқырап шыға келді. Иә, «Бірлік түбі – тірлік» деген осы да.

Ал, «Өнер – өмір өрнегі» атты шешуші кезеңде қатысушылар өз қалауы бойынша шығармашылық өнерін көрсетуде үш немесе екі тілде попурриді сәтті орындап шықты. Тағылымды шара мәресіне жетіп, қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанна Джамбурчина сөз алды.

– Бүгінгі игі іс достықтың куәсі іспеттес. Тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін! – деп тілегін білдірді орталық басшысы. Одан соң белсенді атсалысқаны үшін қатысушыларды алғыс хатпен марапаттады.

Эльмира ДОСАНОВА,
Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері

Выпуск №