Елбасы идеясы – жастарды жігерлендірді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мәні мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды болғаны сөзсіз.

Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттің атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала жастардың да тебіренуіне түрткі болды. Қоғамға қозғау салған Елбасы ұлтты ұйыстыруға, кешегімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндеп, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайтын тамаша туындысын тарту етті.
Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартты. Дәлірек айтқанда, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызды абаттандыруға шақырды. Жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын егемен елге еркін тілмен тағы бір мәрте жеткізді.
Бұдан бөлек, жастарды тәулік сайын түрленген технологиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуын да атап өтті. Бұл – Елбасының өсиетін өскелең ұрпаққа өнеге етуінің өлшеусіз үлгісі деген сөз.
Мемлекет басшысы мұнымен қоса ғасырлар қойнауында қалып, жылдар өте саяси себептермен де сергелдеңге түскен «қазақ әліпбиінің» тағдырын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Мақаладағы тағы бір бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Бұл – әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылуы деген сөз.
Патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасының қолға алынатынын айтқан Президент адамзат баласы үшін қастерлі ұғым саналатын «Туған жердің» қадір-қасиетін саралай өтіпті. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл аймақты абаттандыруды көздейді. Өзім тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан осы бағдарламаның іске асырылуына бір кісідей атсалысып келемін. Шәкірттеріме әрбір сабақта еліміздің көне жерлер, мәдени дүниелер туралы сыр шертемін.
Сонымен қатар, Елбасының Тәуелсіздік жылдарында өз ақылымен, еңбегімен, білімімен, дарынымен оза шапқан азаматтардың «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру идеясымен де танысып шықтық. Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылған жандардың бұл жинағы жастарға да үлгілі жоба болары ақиқат.

Ақерке ҚАЛМАҒАНБЕТОВА,
С.Мәуленов ат. МГ
тарих мұғалімі
Қостанай қаласы

Выпуск №
Рубрика: Туған жер