Елбасы мақаласы жаңа міндеттер жүктейді

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» атты мақаласы барлық қазақстандықтардың көкейіне қонымды, халқымыздың қамы үшін, олардың өмірлерінің жарқын болашағы үшін жасалған құнды құжат.
Мемлекет басшысы өркениетті ел болу жолында болашаққа нық қадам басудың, сананы жаңғыртудың жолдарын ашық айқындап берді. Бұл мақалада жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігі ұсынылды. Олар: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру қазіргі таңда қоғам тарапынан қолдауға ие болуда. «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша алдағы жылдарда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулық қазақ тіліне аударылып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады.
«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының мақсаты – тарихымызда көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін жасап, өзара сабақтастыру. Жоба жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы қазіргі заманның табысқа жеткен тұлғаларын ұлықтамақ. «Туған жер» бағдарламасында туған жерге деген сүйіспеншілік кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, Отаныңа деген сүйіспеншіліктен бастау алып, туған елге, Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласатынын баса айтты.
Мемлекетіміздің рухани жаңғыруына арналған, сананың кемелденуін көздеген, табысқа жетудің жолдары тізбектелген Елбасымыздың құнды идеясын елім деген барша азамат қолдап, қуаттайды.
Мемлекет басшысының мақаласындағы игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың парызымыз. Соның ішінде «Туған жер» бағдарламасына ауқымды жоспар құрып, жүзеге асыруға үлес қосу балабақша, мектеп қабыр­ғасынан басталады. Жоспар балалардың туған өлкесіне, жеріне құрметпен қарауын, Отанына деген сүйіспеншілік, қайырымды істерге деген мақтаныш, өз жанұясының, мектебінің, ұйымының, халқының, мемлекетінің намысын қорғауға, балаларда туған жерінің, оның халқының тарихын зерттеуге, Отан байлығын көбейтуге өз үлестерін қосуға деген ынталарын оятуға бағытталу керек.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі туған жердің тілін, тарихын оқудан басталады.

Райхан ӘБДІҒАМИДОВА,
Қостанай ауданы
білім бөлімінің әдіскері

Выпуск №
Рубрика: Шамшырақ