Латын әліпбиі – келешектің кілті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынған болатын. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмəн жоқ.
Мақалада айтылғандай, латын қарпіне көшу мәселесі алғаш көтеріліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында және 2012 жылы жария еткен «Қазақстан­ 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айтқан еді. Елбасы осы ауқымды жобаға уақыт ұттырмай, қазірден бастап кірісуіміз керек екенін жазды.
Жуырда «Қоғамдық келісім» мекемесінде облысымыздағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Тілдерді үйретудің инновациялық әдістері» тақырыбында семинар-тренинг өткізілген болатын. Сол тұста республикамызға белгілі «Ұлт тағдыры» бірлестігінің төрағасы, саясаткер Дос Көшім Мырза да келіп, қатысты. Ол кісі өзінің құрылып жатқан жаңа әліпбидің комиссия мүшесі екендігін және де әліпбидің 3-4 нұсқасы қалғандығына тоқталып өтті. Жыл соңында нақты нұсқасын жариялайтындарын атап кетті.
Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов: «Біз Елбасының тапсырмасы негізінде латын әліпбиіне көшу шараларын нақтылайтын боламыз. Бұл орайда, республикалық Тілдерді дамыту комитеті, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және Шайсұлтан
Шаяхметов атындағы тілдерді оқыту орталығы бастаған еліміздегі 88 тіл оқыту орталығы арқылы жұмыс базасын құрамыз – деп, тоқталып өтті. Оған дәлел ретінде өңірімізде 2007 жылы іргесі қаланған «Тілдарын» облыс­тық тілдерді оқыту орталығын атап айтсақ болады. Қазіргі таңда орталықта иврит, поляк, татар, әзірбайжан, түрік, неміс, армян, ағылшын және мемлекеттік тіл қазақ тілі оқытылып жатыр. Мұның басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер болып саналады. Алдағы уақытта латын әліпбиіне ауысу кезеңінде мекеме мамандары Астана, Алматы қалаларындағы құрылып жатқан ғылыми орталықтардың оқыту курсынан өтіп келер болса, олардың бұл істі одан әрі қарай алып кетуге дайын екендерін айта кеткен жөн.
Осы тұста «Тілдарын» облыс­тық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Нұрмұхамед Серікбаевпен тілдескенімізде ол бізге өз сөзінде:
– Расында, қазіргі қолданыстағы әліпби жазуды, сол арқылы қоғамдық сананы үшке жарып тұрғаны жасырын емес. Соның салдарынан төлқұжаттағы аты­-жөніміз, тіпті ұлтымыз бен ұлысымыздың аттары да үш түрлі жазылып жүр. Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір­ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз. Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймаймыз, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдаумен бұл мәселе бір ізге түседі. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастықтың тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар, латын қарпі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін, еліміздегі барша этностарды біріктіріп, «Біртұтас Ұлтты» қалыптастыратын басты құралдың бірі болмақ.
Әліпби тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын таңдау деген мағына береді. Сондықтан, таңбасын өзгерту, әліпбиді алмастыру туралы қабылдаған шешімі арқылы, Елбасы қазақ елінің тәуелсіздігін бекемдейтін, тұтастығын нығайтатын, «Мәңгілік Ел» мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдауын жасады деп ойлаймыз.
«Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу заман талабы.
Осы мақсатқа қол жеткізу жолында, соның жемісін көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы профессорлар аянбай тер төгуі керек. Ал, ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу, жүрегі «елім» деп соққан әрбір азаматтың міндеті.

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ