Латын әліпбиіне көшу – әлемдік үдеріске жақындау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынған болатын. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмəн жоқ.
Мақалада айтылғандай, латын қарпіне көшу мәселесі алғаш көтеріліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессия­сында және 2012 жылы жария еткен «Қазақстан­-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында, 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айт­қан еді. Елбасы осы ауқымды жобаға уақыт ұттырмай, қазірден бастап кірісуіміз керек екенін жазды. Осыған орай жуырда кітапханамызда «Латын – жана уақыт» атты іс-шарасы ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шараға Қос­танай инженерлік-экономикалық университетінің 1-ші курс студенттері қатысты. Жастарға латын қарпінің енгізілуі туралы ақпарат берілді. Қатысушылар дебаттар және бір-бірімен диалог ретінде аталған мәселенің төркінін кеңінен аша білді. Осылайша, талқылауға отыр­ғандардың барлығы қатысты.
Әліпби тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі
мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын таңдау деген мағына береді. Сондықтан, таңбасын өзгерту, әліпбиді алмастыру туралы қабылдаған шешімі арқылы, Елбасы қазақ елінің тәуелсіздігін бекемдейтін, тұтастығын нығайтатын, Мәңгілік Ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдауын жасады деп ойлаймыз.
Кездесуге келген студенттер «Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технология­лық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу заман талабы деген ортақ ойға келді.

Мариям ИМАКАНОВА,
Қостанай қаласы ОКЖ «Западный» филиалы құрылымдық
бөлім меңгерушісі

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында Рудный қаласы әкімдігінің ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен латын қарпіне кезең-кезеңмен көшуді дәріптеу жұмыстары белсенді жүргізілуде.
25 шілдеден бастап бекітілген кестеге сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» НАО КЕ АҚ Қос­танай облысы бойынша филиалы – «ХҚКО» департаменті Рудный қаласы № 1, 2 бөлімдері, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Орталық нерв жүйесі органикалық зақымданған және психикасы бұзылған балаларға арналған Рудный мамандандырылған сәбилер үйі», №1 Рудныйлық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ, қаланың мектепке дейінгі мекемелерінің педагогикалық құрамымен кездесулер өтті.
Еңбек ардагері, Ардагерлер кеңесінің мүшесі Ж.Кәкенов, Рудный қалалық білім бөлімі басшысы Қ.Қанешов және өзім латынға көшудің негізгі аспектілерін, қазақ тілінің жазу тарихына қысқаша шолу жасап түсіндірдік. Кездесуге қатысқан азаматтардың басым бөлігі Елбасы идеясын қолдайды, көшудің ауыртпалықсыз және қиындықсыз өтетініне сенім білдіруде.
«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деп Елбасымыз айтқандай, латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіпөркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.

Жанна ДЖАМБУРЧИНА,
Рудный қаласы
тілдерді оқыту
орталығының басшысы

Выпуск №