Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Менің ойымша, бұл – еліміз үшін үдемелі ілгерлеу­шіліктің қадамы.
Себебі, мектеп қабыр­ғасында білім алушылар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Сондықтан да Елбасымыздың бұл бастамасы ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білемін.
Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп және ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым мен жазылым талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады. Оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады. Бұларды мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, оның артықшылықтарын айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр.
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан әліпби реформасы нақты ғылыми ұстанымдарға сүйенеді.
Иә, қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, қиындықтан қорқып қол қусырып отыруға да болмайды. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті өздерінің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи мұрасын бір әліпбиден екіншісіне көшірудің мүмкін еместігінен өз иероглифтерінен айырылмай отыр. Бірақ Қытайда да латын әліпбиінің өз орны, қызығушылығы бар. Қытай 1949 жылы өз иероглиф­терін латын әріптерінен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен. Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылады.
Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер және т. б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқау­ға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші және т. б.) яғни, қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.
Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп білемін.
Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпірі және тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде маңызы зор.
Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі, бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Ал, жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз.
Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді.
Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Себебі, латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенемін.

Кәмшат ШӨПТІБАЙҚЫЗЫ,
Амангелді ОМ
директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары

Выпуск №
Рубрика: Әлеумет