Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу – міндет

Нашақорлық – бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесі айқын халықаралық сипатқа ие және бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды. Еуразия жолдарының қиылысында орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайы есірткі тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін Ауғанстаннан Ресейге, одан кейін Еуропаға есірткі заттарын орасан зор мөлшерде контрабандалық жолмен тасымалдауға қолайлы екені жасырын емес. Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз айналымға шығарып, жанталаса қимылдап жатқан халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар заңсыз тасымалдау кезінде, еліміздің тұрғындарын «жол бойы» зақымдап улау салдарынан, республикамызда есірткіге тәуелді азаматтар саны айтарлықтай көбейіп отыр. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте жергілікті тәртіп сақшыларының да атқарып жатқан жұмысын атап өтуге тұрарлық. Біз осы мақсаттағы қолға алынып жатқан жұмыстардың барысымен танысуға Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бөлім бастығы, полиция подполковнигі Лев Квасенкомен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Лев Владимирович, Сіздің ведомствоның қызметі туралы баяндап берсеңіз?
– Біздің басқарма Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі болып табылады. Бұл дегеніңіз өз құзыретіміз шегінде міндетіміз – мемлекеттік саясат пен денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды іске асыра отырып, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың жолын кесу. Біздің қызметіміз Қостанай облысының аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының басым ба-
ғыттарына сәйкес ұйымдастырылды.
– 2016 жылдың 9 ай аралығында атқарылған жұмыстардың алдын-ала қорытындысына тоқтала кетсеңіз?
– 2016 жылдың 9 ай ішінде әріптестеріміздің қырағылығының арқасында ауқымды жұмыстар атқарылып, ұйымдасқан бірнеше қылмыстың алдын алдық. Нақтырақ айтсам, жоғарыда көрсетілген уа-қыт аралығында 271 қылмыс анықталса, оның ішінде 161 есірткі сату дерегі тіркеліп отыр. Сондай-ақ, жеке басына тұтыну үшін есірткі сақтаудың 274 дерегі әшкереленді.
– Есірткі тасымалымен қарсы күрес барысында атқарылып жатқан жұмыстарды айта кетсеңіз?
– Бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде қолға алынды. Жыл басынан бері 346 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленсе, оның 184 келіден астамы марихуана, 3 келіден астамы героин және 5 келісі гашиш болып отыр.
Былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 261 келіден астам әр түрлі есірткі заттары тәркіленді.
– Қостанай шекаралық аймақ екені баршаға мәлім. Осы орайда есірткі айналымына қарсы күрес қалай жүргізілуде?
– Расында біздің өңір Ресейдің Челябі және Қорған облыстарымен шекаралас орналасқан. Өткен жылы Қостанайда Ресей Федерациясының көршілес облыстарының өкілдерімен халықаралық жиын болды. Басқосу барысында екі жақты әріптестік орнатып, бірлескен жұмыстар жүргізу мәселесі оңтайлы шешімін тапты. Соның нәтижесінде биыл 31 контрабанда деректері анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
– Осы жылғы есірткі партияларын ұстау кезіндегі арнайы операциялардағы ең резонанстық жағдайлары туралы айтып берсеңіз?
– Үстіміздегі жылдың наурыз айында жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай облыстық ІІД ЕҚБ қызметкерлері 1950 жылы туған әйел адамды өз пәтерінде тұтқындады. Пәтерді тінту барысында тәртіп сақшылары 207 грамнан артық героинді тәркіледі.
Оның сыртында біздің бөлімшенің қызметкерлері героин тасымалдау және сатумен маманданған екі қылмыстық топты анықтап, жолын кесті.
Жүргізілген мақсатты іс-шаралардың барысында 25 адамға қылмыстық әрекеті үшін құжаттар толтырылса, заңсыз айналымнан 3 келіден астам героин тәркіленді.
Осы жылдың жазында тәртіп сақшылары өңірдің шалғай орналасқан аудандарының бірінен 1975 жылы туған ер адамды заңға қайшы іс-әрекеті үшін тұтқындады. Ол өзінің үйінің ауласында 1293 түп апиын көк-нәрін өсірген. Сондай-ақ, оның үйін тінту кезінде аталмыш есірткі түрінің тағы 50 түбі табылған. Ол оны көкнәр сабан өндiру мақсатында кептіргені белгілі болды.
– Облыс тұрғындары арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жергілікті полиция қызметі, облыс әкімдігі, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталы-ғы, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жастардың жиі бас қосатын орындарында, балалар сауықтыру лагерлерінде, білім ордаларында, бейімдеу орталықтарында жаман әдеттерден аулақ болу тұрғысында ауқымды шаралар жүргізудеміз. Осынау басқосулар аясында барлық тұрғындарды салауатты өмір салтына насихаттайтын түрлі акциялар, спорттық сайыстар, дәрістер өткізіп тұрамыз.
Сондай-ақ, жұртшылықтың жаман әдеттерден аулақ болуын көздеу мақсатында тағдырын есірткімен байланыстырып, өз
ғұмырына өздері балта шапқандар туралы деректі фильм-дер көрсетіледі. Біздің акцияларымызға есімдері елімізге белгілі танымал спортшылар қатысады.
Мысалы, бокстан Олимпияда ойындарының екі мәрте қола жүлдегері Иван Дычко мен «Тобыл» футбол командасының жартылай қорғаушысы» Нұрбол Жұмасқалиев жастармен тұрақты түрде жүздесулер өткізіп тұрады.
– Бұрынғы есірткіге тә-уелділерге байланысты қандай жұмыс жүргізіледі? Оның ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?
– Олардың барлығы облыстық наркологиялық орталықта тіркеуде тұр. Бұл адамдар айына бір рет арнайы тексерістен өтіп тұрады. Онда олармен психологтар сөйлесіп, мазалап жүрген мәселелері болса анықтап, алдын алу шараларын өткізеді.
– Қазіргі уақытта есепте тұрған нашақорлардың саны қанша?
– Жылдар өткен сайын есірткіге тәуелділердің санының төмендеу тенденциясы байқалады. Биылғы жылы олардың саны 2085 адамға жетіп отыр. Ал, былтыр осы уақытта 2732 адам тіркелген болатын.
– Қазір қоғамда қалыптасқан түсінік бойынша әр түрлі ойын-сауық клубтары есірткі тарату орны болып табылады. Бұл шын мәнінде қаншалықты рас?
– Біз жыл сайын жастардың демалыс және көңіл көтеру орындарына тексеріс өткіземіз. Сонда анықталған барлық кү-
дікті тұлғалар наркологиялық диспансерге жіберіліп, есірткі қолдану дерегі бойынша
тексеруден өтеді. Мен қалаға есірткі заттарын саудалау таңғаларлық әрекет деп айта алмаймын. Бірақ, бізде тұрақты
жағдай бар. Жастардың би кештерінде есірткі заттарын сату дерегі тіркелген жоқ.
– Ата-аналар баласының өз үйіне есірткі қолданып, масаң күйде келгенін қалай білуіне болады?
– Бірінші кезекте баланың жүріс-тұрысына жіті мән берген жөн. Аяқ астынан баласы күле беруі немесе керісінше есін білмей келіп, үйде ұрыс-керіс шығаруы мүмкін.
Сондай-ақ, есірткіге мас болған адамның сыртқы белгілері де маңызды болып табылады. Қарашықтары кішірейіп немесе үлкейіп, тілі күрмеледі. Героин қабылдаған кезінде қолында ине іздері, тұрақты көгеру және т. б. белгілер болады. Баланың есіркіге әуестігін білген жағдайда бірден нарколог мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Дер уақытында көрсетілген кәсіби көмектің арқасында көптеген мәселелер өз шешімін табады.
– Халық арасында түрлі қоспаларды сататыны туралы жиі әңгіме болады. Мәселен, интернетте «спайс» деп аталатын затқа жастардың қызығушылығы бар. Біздің облыста бұл мәселе өз шешімін қалай табуда?
– Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Расында есірткі саудасы жаңа жоғары технологиялық салаға да жетті. Бұл жағдайда бізді алаңдатып отырған мәселе есірткі сақтап, сататын жауапты адамды таба алмайсың. Себебі, қазір есірткі саудасының негізгі тәсілі — контактысыз болып отыр. Тапсырыс беруші тауар туралы, олар жасайтын сатушы жайында ақпартты интернет арқылы алады. Ол түрлі әлеуметтік желідегі форумдар мен топтардың арасында болуы ықтимал. Ал, оның төлем ақысы электронды әмиан немесе банк шоттары арқылы жасалады. Қазір бұрынғыдай есірткі заттарын қолдан тікелей сатып алу сирек кездеседі.
Бірақ, біз бұл қиындықтардан да жол тауып отырмыз. Бұл арада барлық қызметтік құпияларды
ашып салуға болмайды. Дегенмен, интернет арқылы есірткі
саудасын қыздырып отырғандар  заң алдында жауап беріп жатыр.
– Лев Владимирович, біздің оқырмандарға тілегіңіз қандай?
– Барлық оқырмандарыңызға зор денсаулық тілегім келеді. Спортпен шұғылданып, денсаулыққа мән беріңіздер. Есірт-
кіге жолмаңыздар! Ол адамзаттың қас жауы! Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу барша-ға – міндет!
– Сұхбатыңызға рахмет!

Керейхан ЖӘНІБЕК

 

Выпуск №