Оқулықтармен қамтамасыз етілді

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейді халық даналығы. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде кітаптың маңызды орын алатыны баршамызға белгілі. Үстіміздегі жылы өңір мектептерінің қажетті оқулықтармен қамтылуы көңілдегідей болды ма? Осы туралы толық ақпаратты «У+» тілшісі облыстық білім басқармасынан алған еді.

Бүгінде өңірдегі мектептердің оқушылары оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Биыл балаларға қажетті оқулықтар алу үшін жергілікті бюджеттен 973,2 млн. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 2,5,7 сыныптардың кітаптарына 842,2 млн. тенге жұмсалған.
Облыстық білім басқармасының әдіскері Гүлнар Ерғалиева бізге өз сөзінде былай деді:
– 2016-2017 оқу жылында жаңартылған бағдарламаға 1-ші сыныптар көшкені мәлім. Ал, осы жылдан бастап жаңа бағдарлама бойынша 2,5 және 7 сыныптар оқитын болады. Соған орай аталған сыныптарға арналған арнайы оқулықтар сатып алынды. Бүгінде облыс аумағында мектеп кітапханашылары кітаптарды тарату жұмыстарын бастап кетті. Басқа сыныптардың оқулықтары әр мектептің базасында орналас­тырылған. Сәйкесінше, ол балаларға жылдан жылға беріліп отырады.
Айтып өткеніміздей үстіміздегі жаңа оқу жылында 4 сынып жаңартылған бағдарлама арқылы оқытылмақ. Әлбетте, олардың білім мазмұны басқа сыныптарға қарағанда өзгеше. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функциялық сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерді қолдана білу.
«Жаңа оқулықтарда берілген тапсырмалар мәтінді оқу, оның мазмұнын айтумен ғана шектелмей, мәтінге қатысты өзі сұрақтар құрастыруына, себебін анықтауына, болжам жасау мен өзіндік бағалауына, сұраққа жауап болатын ақпаратты дереккөздерден табу ретін білуіне, жаман мен жақсыны айыра білуіне жетелейді» деп қосып өтті Гүлнар Жомартқызы.
Өңіріміздегі қала және аудан білім бөлімдері 10 республикалық баспалармен келісім-шартқа отырған.

Айзат АСҚАРҚЫЗЫ

Выпуск №