«Туған жер» бағдарламасы мектебімізде

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымыз­дың жарқын болашағы үшін маңызды қадамдар туралы ой-толғанысын білдірген.
Бұл барша қазақстандықтарға түрткі боларлықтай, салмақты ой саларлықтай бастама. Өйткені, әр адам үшін «жерге шыр етіп түскенде кіндігінен қаны тамған туып өскен жері әрқашан да ыстық. Адамзат баласының балалық шақтан қалыптасқан бойындағы сүйіспеншілік, ізгілік сезімдерін өшірмей, есейіп, өсіп-өнген кезінде туған жеріне жақсылық, игілік істер жасауға деген құлшыныстарын арттыруда септігін тигізетін Елбасымыздың бастамасы «Туған жер» бағдарламасы болмақ. Осы орайда мектебімізде «Туған жер» бағдарламасын іске асыруда ұсынылған негізгі тұжырымдамалық тәсілдерге сүйене отырып, мектепте жүзеге асыру мақсатын көздейтін арнайы жоспар құрылып, бекітілді. «Туған жер» бағдарламасының мәні ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологиялық мәселелерді шешу мен елді мекендерді абаттандыруды, елді мекендердегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру болып табылады. Сондықтан жүргізілетін жұмыстар, іс-шараларға оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен еріктілерді барынша тарту мақсаты көзделіп отыр.
Оқу ошағымызда мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндеріміз бен түлектердің «Тал күні» жобасы бас­тама алды. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес «Мектеп жаңалықтары» газетіне «Туған жерін түлеткендер», «Пошта жәшігі: туған жерден хат», «Жанашыр азамат» және «Ұлы дала әуендері» айдары енгізілді. Биылғы оқу жылының басында «Кітап – білім бұлағы» базалық жобасымен таныстыру мақсатында ата-аналар жиналысын өткізіп, «Қадірлі сыйлық» кітапханаға ерікті түрде кітап сыйлау, «Буккроссинг» кітап алмасу іс-шараларына белсенді түрде қатысуға шақырамыз. Ата-аналар, еріктілер, оқушылар мен мұғалімдер қауымы жарқын болашағымыз үшін маңызды бағдарламаны құптай отырып, жүзеге асырылуына оңтайлы жағдай туғызады деген сенімдемін.

Зоя КОЙТБАЕВА,
№15 ОМ директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Қостанай қаласы

Выпуск №
Рубрика: Әлеумет