Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз

Білім – ізгілікке бастайтын дара жол. Келешек ұрпақтың саңлақ санасына білім нәрін сусындатып, адами қасиетке баулу – барша ұлағаты мол ұстаздардың адами міндеті.
Білімділік пен білгірліктің қазіргі заманында бүгінгі мектеп табалдырығын аттаған оқушы – ертеңгі болашақ иесі мен қоғамның белді мүшесі. Мұғалім әр оқушының жанына білім дәнін себеді. Шәкірттерін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға күре тамырын кенге жаятындай етіп қатайтады. Сайып келгенде, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді, әр оқушыға өмірде өз кетігін тауып, қалануға бағыт жасайды. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін оқушыларына сіңіріп, тер төгеді, ерен еңбек етеді.
Педагогикалық жолдың тынысын таңдағалы аз уақыт өтсе де, алдымдағы мақсат айқын ол – шәкірттеріме күн болып көрініп, нұр болып төгілу. Білім мен тәрбие барысында құрғақ насихатқа ұрынбай, оқушыларды адами қасиеттер мен жақсылыққа тәрбиелеуге сарыла іздену арқасында жететінім құпия емес. Ұстаздықтың ұлы жолында оқушымен байланыс орнату хақы үшін инемен құдық қазғандай ыждаhат, төзімділік қажет. Жер аяғы кеңиіп, жаңа технологиялардың белең алған ғасырында ұстаз жаңа бағыттар мен әдіс-тәсілдерді өзінің білім беру үдерісінде сабақ-
тастыра қолдана отырып, жаңаша білім беру процесін қалыптастырады. АКТ технологияларын қолдану, білім мен ілімнің ешкімге ашылмаған қыр-сырларын жетік меңгеріп, оны тәрбие үдерісімен ұштастыру – жаңашыл ұстаздың айқын көрінісі. Барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған мектеп үшін, сол оқу ошағының жаны болып, өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын, жаңашыл мектепке ауадай қажет жаңашыл ұстазды ой саңлағында дәл осылай елестетемін. Анадай қамқорлық, әкедей шапағат сыйлайтын, онымен қоса еліне ерең еңбегі сінген, заманауи талаптар мен сұранысқа ие, жаңартылған білім беру мазмұнын біле жүрген жаңашыл ұстаз жаңа мектепке жаңаша дем беріп, болашақтың кепілі – жас ұрпаққа білім берсе, Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.
Бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші ұстаз болу – тоқсан тарап жолдан осы жолды телміріп таңдаған менің мәуелі мақсатым. Себебі, XXI ғасырдың бүгінгі көшбасшысы – жаңашыл, ізденімпаз, шебер мұғалім. Сайып келгенде, нұр жауған талаптының, еңбегі дүйім жұртқа елең болған ердің, терең ойлы ұшқыр саңлақтардың бастамасында еңбегі жұталып, таусылмайтын ұстаз тұрғаны баршаға аян.

Гүлдана ҚОЖАҒАЛИЕВА,
Москалев ОМ
ағылшын тілі мұғалімі
Әулиекөл ауданы

Выпуск №