«Жастар тәжірибесі» – жастарды қолдаудың жарқын көрінісі

Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауында қоғам өміріндегі маңыз­ды мәселелер жан-жақты қамтылып, нақты міндеттер мен тапсырмалар белгіленеді. Соның бірі халықты еңбекке баулу, жұмыспен қамту мәселесі.
Бүгінгі таңда Қостанай облысы бойынша сол Жолдаудан туындайтын міндеттерге негізделіп жасалған «Жұмыспен қамту 2020 Жол картасы» бағдарламасы жүйелі түрде іске асырылады. Бұл бағдарламаның басты тармағының бірі – жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы оларды қайта даярлау, білімі мен біліктілігін арттыру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, жалпы халықтың еңбек етуге деген белсенділігін құлшынысын қалыптастыру.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы оқу орнын бітірген жас мамандар үшін үлкен қолдау болып отыр десек, өңіріміз бойынша жастарды жұмыспен қамту мәселесі де ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қостанай қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ботагөз Муканованың бізге берген деректеріне сүйенсек, биыл жоғары және орта оқу орнын тәмамдаған 104 адам жұмысқа жіберіліп отыр. Бүгінді таңда олардың 35-і жұмыс берушілермен келісім-шартқа отырды.
Жас мамандар Қостанай қаласы әкімінің аппаратына, салық басқармасы, сот, прокуратура органдарына, жеке кәсіпкерлерге, экономист, қаржы есепші, заңгер, іс-қағаз жүргізушісі, техник-программист, журналист және басқа мамандықтар бойынша жұмысқа жіберілді. Аталған бағдарламаға қатысушы жас маманның бірі – Айбек Темірбеков. Ол қазір Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлікті дамыту бөлімінде инспектор қызметін атқаруда. Айбекпен тілдескенімізде ол бізге былай деді:
– Негізгі мамандығым – менеджмент. Былтыр Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін аяқтай салысымен «Жұмыспен қамту орталығына» барып, осы қызметке жіберілген болатынмын. Бүгінде ол жерде қызмет атқарғаныма бір жылға жуық уақыт болды. Тәжірибеден өткеннен кейін біржола қызметке алындым. «Жастар тәжірибесі» – тәжірибесі жоқ жастарға еңбек жолын бастауға жақсы мүмкіндік. Бұл мемлекет тарапынан өзім секілді оқу орнын енді аяқтаған жігіттер мен қыздарға қамқорлық пен зор мүмкіндік болып отыр.
Бүгінде осы бағдарламаның шарапатын көріп жүргендердің бірі – Нұргүл Қайрекенова. 2014 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін заңгер мамандығына бітірген ол отбасылық жағдайына байланысты қызмет атқара алмайды. Содан былтыр жұмысқа орналасамын деп белін бекем буып, «Жұмыспен қамту орталығының» көмегіне жүгініп, Қостанай облысы бойынша соттар әкімшілігінің кадр бөліміне қызметке алынады: – Маған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жолдама берілді. Сол жолдамамен мен осы жерге келдім. Қазіргі таңда қызмет атқарғаныма небәрі 4 ай ғана болды. Алдағы уақытта өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, осы қызмет орнымда қалуды көздеп отырмын, – дейді Нұргүл.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жұмысқа тұрған адамдарға алдына қойған мақсаттарына жету үшін үлкен мүмкіндік береді және осы мүмкіндікті пайдалана отырып, олар мемлекеттік қызметке немесе басқа мемлекеттік органдарға жұмысқа тұра алады.
Бағдарлама бойынша еңбекпен қамтылған азаматтарға жалақыны жұмыс беруші емес, «Жұмыспен қамту орталығы» төлейді.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы» Қазақстанның 2050 жылға дейін белгіленген Стратегиясының басым бөлігі. Аталған бағдарламада жастар тәжірибесіне көңіл бөлу қарастырылған. Жастар – біздің болашағымыз, алтын қорымыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр кезде жастарға қамқор қолын созып келеді.

Выпуск №
Рубрика: Толығырақ