Желмен жарысқан жүйріктер

Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты мен Президенттік көпсайы бойынша Таран ауданының спортшылары қос қола, бір күміс және бір алтын медальды қанжығалап қайтты.
Жүйріктердің арасында, ел чемпионаты шілде айының соңында өтті. Бұл дүбірлі тартысқа еліміздің алты облысынан және қалаларынан жүзден астам желаяқ қатысты. Жарыстың басты бәйгелері он екі жүлде тігілді. Тек Таран ауданының ғана емес, астықты атыраптың намысын қорғай аттанған спортшылар мыналар: Павел Борода, Игорь
Карачев, Рәзила Шүңгірбаева, Ванда Степаненко. Міне, дәл осы спортшылар біздің атыраптың атын асқақтатып тастады.
Аталған спортшылардың жетістіктеріне жеке-жеке тоқтала кетсек. Рәзила Шүңгір-баева 800 метр қашықтыққа жүгіруден үшінші орынды місе тұтты. Алайда, жерлесіміз бір ғана жүлдемен тоқмейілсіп қалмай, 4,400 метр қашықтыққа жүгіруден барын салып, екінші орынға тұрақтады. Игорь Карачев та өз жасындағылардың арасында республикалық деңгейдегі кіл мықтылардың жиналып қалуына қарамастан, үшінші орынды жүлделеп қайтты.
– Біздің елдің қай өңірінде болмасын спортқа жақсы жағдай жасалуда, – дейді Рәзия Шүңгірбаева. – Бұған осы жарыста көз жеткіздік. Ерекше қуаныштымын. Өз облысыңның, ауылыңның намысын абыроймен қорғап шығу бақытын сезіну екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ деп есептеймін. Аудан басшылығына біздің спорт саласындағы талпыныстарымызға қолдау көрсетіп жүргендері үшін алғысымды білдіремін. Біз алар биіктер әлі алда.
Павел Борода мен Ванда Степаненко өз жүлделерін алтын медальмен толықтырды. Бұл екеуі Қостанай облысы құрамасының атынан Президенттік көпсайысқа қатысты. Жеңімпаз жастардың айтуынша, салауатты өмір салтын ұстану – әр жас қазақ-стандықтың міндеті. Елдің бекем де беделді келешегі тек жастардың қолында екені ақиқат.

Ералы ДОСЫБАЙ
суретті түсірген ұйымдастырушылар

Выпуск №